Аңдатпа
Қазіргі таңда еліміздегі оқу-тәрбие үрдісінде болып жатқан жаңартулар білім мен тәрбие жұмысын қайта қарауды талап етіп отыр. Жас ұрпаққа тәрбие берудің сапасын көтеріп, сұлулықты, әсемдікті, әдемілікті сезіну қабілетін, эстетикалық талғамын дамыта отырып, өз ісіне деген шығармашылық талабын арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осыған байланысты білім беру мазмұнын реформалау мемлекеттің ұлттық саясатының құнды басымдықтары қатарынан табылады. Мақалада бастауыш сыныпта пәнаралық интеграция негізінде эстетикалық тәрбие беру мәселелері қарастырылады. Зерттеуіміздің мақсаты пәнаралық интеграцияның бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктерін зерттеу болды. Зерттеу негізіне жүйелілік, тұлғалық-бағдарлы, аксиологиялық, іс - әрекеттік әдіснамалық тұғырлар алынды. Мақалада бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесінің көрсеткіштері мен деңгейлері терең қарастырылды. Зерттеуге 127 оқушы алынды. Анықтау экспериментінде оқушылардың эстетикалық тәрбие көрсеткіштері деңгейлерінің диагностикасы жүргізілді. Қалыптастыру кезеңінде мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік компоненттерді жетілдіру мақсатында бір қатар педагогикалық шарттар іске асырылды. Зерттеуде эстетика, эстетикалық тәрбие, эстетикалық қызығушылық, эстетикалық білім, эстетикалық қарым-қатынас, эстетикалық көзқарас, пәнаралық интеграция ұғымдары анықталды. Пәнаралық интеграция негізінде бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие беру әдістемесі берілді. Бастауыш сынып оқушыларына пәнаралық кіріктіру арқылы эстетикалық тәрбие берудің компоненттері, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері (жоғары, орта, төмен) анықталды. Мақалада бастауыш сынып оқушылардың эстетикалық тәрбиесін (эстетикалық қызығушылығын, эстетикалық білімдерін кеңейту, эстетикалық қарым-қатынасқа баулу, эстетикалық көзқарастарын қалыптастыру) жүзеге асыру барысындағы эксперимент нәтижелері көрсетілді. Пәнаралық интеграция негізінде бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие беру мүмкіндіктері алғаш рет қарастырылды. Мақала материалдары оқытушылар үшін дәрістер, семинарлар, өз бетінше жұмыс істеуге арналған тапсырмаларды әзірлеу кезінде практикалық құндылыққа ие.