Аңдатпа
Туыс емес тілдердің фразеологиялық жүйелерінің әмбебап және ұлттық белгілерін анықтауға мүмкіндік беретін салыстырмалы зерттеулер тіл білім саласында ерекше орын алатыны белгілі. Бұл тұрғыда фразеологиялық бірліктердің, оның ішінде теңеулердің семантикалық құрылымы күрделі де көп өлшемді конструкциялық жүйе ретінде жан-жақты талдауды талап етеді. Осы мақаланың таңбалық мағынасы аспектісінде ағылшын және қытай тілдеріндегі қарастырылатын теңеулер субъектінің сапалық және сындық қасиеттерін көрсетеді. Мысалы, ағылшын тіліндегі brave as a lion - тура мағынасында «арыстандай батыл» болса, ауыспалы мағынасында «әртүрлі жағдайларда ерекше ерлік немесе батылдық көрсететін адамдарды, жануарларды немесе заттарды сипаттайды». Қытай тілінде 人中狮子 - rén zhōng shī zi - тура мағынасында «адамдар арасындағы арыстан» дегенді білдірсе, ауыспалы мағынада «ақылды, дарынды адамдарды» сипаттап көрсетеді. Ағылшын және қытай тілдеріндегі жыл аттарына байланысты тұрақты тіркестер осы жұмыстың зерттеу нысаны ретінде қаралады. «Қытай тілінің фразеологизмдер сөздігі», «Ағылшын тілінің тұрақты тіркестер сөздігі» және т.б сөздіктердегі жыл аттарына байланысты тұрақты тіркестерді негізге ала отырып салыстырмалы, сандық, жүйелік талдау және басқа да зерттеу әдістерін пайдаланып ағылшын және қытай тілдеріндегі он екі жыл белгісіне байланысты теңеулердің лингвомәдени ерекшеліктері айқындалады және талдап түсіндіріледі. Эталоны зооним болып табылатын тұрақты тіркестердің ұлттық- мәдени ерекшелігі талқыланады.
