Аңдатпа
Бұл зерттеу студенттің цифрлық экологиясы жағдайында цифрлық гигиенаның тұлғаның тұрақты дамуына ықпалын кешенді талдауға бағытталған. Қазіргі цифрландыру үдерісі студенттердің өмір сүру кеңістігін түбегейлі өзгертіп, олардың оқу, қарым-қатынас және өзін-өзі дамыту әрекеттерін цифрлық ортада жүзеге асыруына жағдай жасауда. Осындай жағдайда цифрлық гигиена - ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, уақытты тиімді басқару, онлайн ортадағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және психологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету құралы ретінде маңызды мәнге ие. Зерттеу нысаны - студенттің цифрлық экологиясы, ал зерттеу пәні - цифрлық гигиена дағдылары мен тұлғаның тұрақты дамуы арасындағы өзара байланыс. Зерттеудің мақсаты - студенттердің цифрлық гигиена деңгейін анықтау және оның интеллектуалдық, эмоционалдық және әлеуметтік тұрақтылық көрсеткіштеріне ықпалын айқындау. Зерттеу барысында сауалнама, бақылау, талдау және салыстырмалы әдістер қолданылды. Алынған нәтижелер жоғары оқу орындарында студенттердің цифрлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламаларын жетілдіруге негіз бола алады.
