Аңдатпа
Бұл мақалада математика пәнін оқытуда жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының мүмкіндіктерін пайдалану арқылы мультфильмдер мен анимациялық ертегілер құру тәжірибесі жан-жақты қарастырылады. Зерттеу барысында ChatGPT, Narakeet, PixVerse, CapCut, сондай-ақ Narrow AI, General AI және Super AI бағытындағы ЖИ құралдары кешенді түрде қолданылды. Зерттеудің негізгі мақсаты - математикалық ұғымдар мен амалдарды көркем, визуалды және интерактивті форматта ұсыну арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, олардың логикалық ойлау қабілетін дамыту және есеп шығару дағдыларын жетілдіру. Эксперименттік сабақтар нәтижесі мультфильмдер мен анимациялық ертегілер қолданылған топта оқушылардың оқу жетістіктері, сабаққа қатысу белсенділігі және эмоционалдық қызығушылығы бақылау тобына қарағанда айтарлықтай жоғарылағанын көрсетті. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері ЖИ құралдарын математика сабағында тиімді қолданудың практикалық жолдарын айқындап, білім беру процесін жаңғыртуға бағытталған әдістемелік ұсыныстар ұсынады.
