Аңдатпа
Қазақстанда экологиялық аудит - қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың бірі. Экологиялық аудит кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалап, заңнамалық талаптарға сәйкестігін тексеру, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге бағытталған. Бұл қоршаған ортаға әсерді азайтуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол береді. Экологиялық мәселелердің экономика, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару салаларымен тығыз байланысы бар екені айқын. Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев өз жолдауында экологиялық аудиттің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ірі кәсіпорындарға бес жыл сайын аудит жүргізуді міндеттеу қажеттілігі көтерілді. Аталған шара өндіріс орындарының жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаға тигізетін залалды азайтуға бағытталған. Мемлекеттік аудит тиімді болу үшін оның стандарттарын халықаралық тәжірибеге сай жетілдіру қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда экологиялық аудиттің заңнамалық негізі бар, алайда оны жүзеге асыруда нақты стандарттар мен әдістемелердің жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті, бұл саланы дамыту үшін халықаралық тәжірибені зерттеп, озық экологиялық бақылау әдістерін енгізу маңызды. Экологиялық мониторингі күшейту, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қоршаған ортаны қорғау шараларын жетілдіру - еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Мемлекеттік экологиялық аудит механизмдерін жетілдіру арқылы Қазақстан экологиялық басқару сапасын арттыруды және ресурстарды оңтайлы пайдалануды көздейді. Бұл орайда, Қытайдың тәжірибесі экологиялық аудитті енгізу мен дамытуда маңызды үлгі бола алады. Қытай өзінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттік аудитті белсенді түрде енгізіп, саясатты тиімді жүзеге асыруда табысты қадамдар жасап келеді. Мақалада Қазақстандағы экологиялық аудиттің қазіргі жағдайына талдау жасалып, оның маңыздылығы мен тиімділігін арттыру жолдары қарастырылады.
