Аңдатпа
Ювенильді идиопатиялық артрит (ЮИА) 16 жасқа дейінгі балаларда кездесетін созылмалы қабыну буын ауруларының гетерогенді тобы, олар жиі мүгедектікке, өсудің тежелуіне және жүйелі асқынуларға әкеледі. Медикаментозды терапия фонында клиникалық ремиссияға қол жеткізу ЮИА емдеудің негізгі мақсаты болып табылады. Алайда, транскриптомдық деректер дәрілік-индукцияланған ремиссия иммунологиялық норманың қалпына келуін білдірмеуі мүмкін екенін көрсетеді, бұл осы күйді айқындау және ұзақмерзімді тұрақтылықты болжау үшін биомаркерлерді іздеу қажеттілігін туындатады. Зерттеудің басты мақсаты – медикаментозды емдеу кезінде ремиссия жағдайындағы полиартикулярлы ЮИА бар пациенттердің гранулоциттер транскриптомындағы персистентті иммундық теңгерімсіздікті сипаттайтын гендер-концентраторлар мен сигналдық жолдарды анықтау. Ол үшін комбинацияланған терапия (метотрексат және этанерцепт) фонында ремиссияға қол жеткізген полиартикулярлы ЮИА бар пациенттер мен сау балалардың гранулоциттерінің транскриптомдық деректері (GSE41831) талданды. Дифференциалды экспрессияланатын гендер (DEG) GEO2R құралының көмегімен түзетілген p-vаlue < 0,05 және |Log FC| ≥ 0,5 шекті мәндерімен идентификацияланды. Функционалды байыту талдауы Enrісhr платформасында Gene Ontology (GO), Kyoto Enсуclopediа of Genes аnd Genomes (KEGG) және Reаctome дерекқорларын пайдалана отырып орындалды. Ақуыз-ақуыз өзара әрекеттесу (PPI) желісі STRING дерекқорының көмегімен құрылып, Суtoscаpe бағдарламасында визуализацияланды. Гендер-концентраторлар СуtoHubbа плагині арқылы максималды орталықтылық клик (MCC) алгоритмін қолданып идентификацияланды. Жетекші гендер-концентраторлардың экспрессиясы статистикалық түрде расталды. Талданған 54 675 геннің ішінен 232 DEG идентификацияланды, оның 99-ы төмендетілген және 133-і жоғарылатылған экспрессияға ие болды. Функционалды байыту талдауы екі негізгі функционалды категорияны бөліп көрсетуге мүмкіндік берді: актинді цитоскелеттің реорганизациясы және қабынулық сигналды жолмен қатар аминқышқылдары метаболизмінің дерегуляциясы. Бұл үдерістер гранулоциттердің белсендірілген күйіне сәйкес келеді, бұл клиникалық ремиссия жағдайында да персистентті жасушалық белсенділікті көрсетеді. PPI желісі 126 түйін мен 498 жиекті қамтыды. MCC алгоритмінің көмегімен 10 ген-концентратор анықталды, олардың ішінде HSP90АB1 және HSP90АА1 ең маңызды болып шықты, бұл олардың байқалған молекулалық теңгерімсіздіктің негізгі реттеушілері ретіндегі рөлін болжауға мүмкіндік береді. Клиникалық ремиссияға қол жеткізгеніне қарамастан, полиартикулярлы ЮИА бар пациенттерде гранулоциттерде персистентті белсендірілген транскриптомдық профиль сақталады. HSP90АB1 және HSP90АА1 гендерінің жоғарылатылған экспрессиясы сақталатын жасушалық стрессті дәлелдейді және осы гендерді субклиникалық иммундық теңгерімсіздіктің кандидатты биомаркерлері және тереңірек ремиссияға қол жеткізу үшін әлеуетті терапевтік нысаналар ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер одан арғы клиникалық тәжірибеге бағытталған басқа да зерттеулерге негіз бола алады.
