Аңдатпа
Бұл мақалада қазіргі білім беру ортасы жағдайында бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы цифрлық білім беру ресурстарының әлеуеті қарастырылады. Авторлар білім алушыларды адамгершілікке тәрбиелеу мәселесіне қатысты заманауи зерттеушілердің теориялық ұстанымдарын талдап, сондай-ақ бастауыш мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі цифрлық білім беру ресурстарының педагогикалық құндылығын ашып көрсетеді. Зерттеудің өзектілігі білім беруді цифрландыру үдерісімен, оқыту мен тәрбиелеу әдістерінің трансформациялануымен, сондай-ақ құндылық бағдарлар мен адамгершілік мінез-құлықтың қалыптасуында маңызды кезең болып табылатын бастауыш мектеп жасының маңыздылығымен айқындалады. Зерттеу аясында бастауыш сынып мұғалімдері арасында сауалнама жүргізіліп, олардың оқу үдерісінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану тәжірибелерін анықтауға және аталған ресурстардың бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік тәрбиесіндегі рөлін айқындауға бағытталды. Педагогикалық зерттеу нәтижелері цифрлық білім беру ресурстарының құндылықтық бағыттылығы сақталып, білім беру үдерісі әдістемелік тұрғыдан мақсатты түрде ұйымдастырылған жағдайда, бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда тиімді құралдар ретінде қызмет ететінін дәлелдейді.
