Аңдатпа
Мақала Қазақстан Республикасы азаматтық құқығының заманауи негізгі мәселелерінің бірі – мәмілелердің жарамсыздығы және оның құқықтық салдарлары туралы нормаларды қолдану нәтижесінде туындайтын «құқықтық салдарсыз шарт» феноменін зерттеуге арналған. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде бекітілген екіжақты реституцияның классикалық моделі талданады, оған сәйкес жарамсыз мәміле заңдық салдар туғызбайды, ал ол бойынша алынғанның барлығы қайтарылуға тиіс. Көрсетілген модельді формалды түрде қолдану, тараптардың бастапқы жағдайын абстрактілі қалпына келтіруге бағытталғанымен, қазіргі мүліктік айналым жағдайында азаматтық құқықтарды тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіретін жүйелік қайшылықтарды туындататыны дәлелденеді. Зерттеу нәтижесінде «құқықтық салдарсыз шарт» институты тәжірибеде адалдық (жақсы ниет) қағидатымен жиі қайшылыққа түсетіні, адал иеленушілер мен коммерциялық қатынастарға қатысушылардың құқықтарын тиісті деңгейде қорғамайтыны, сондай-ақ құқықты теріс пайдалануға заңды мүмкіндіктер туғызатыны анықталды. Бұл тараптарға экономикалық тұрғыдан тиімсіз, бірақ толық немесе ішінара орындалған шарттарды орындаудан жалтаруға мүмкіндік береді. Жұмыста шетелдік құқықтық жүйелерде қалыптасқан мәмілелердің жарамсыздығы салдарын айқындаудың баламалы тәсілдеріне салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізіледі. Осы негізде қазақстандық құқықтағы аталған институтты тұжырымдамалық тұрғыдан реформалау қажеттілігі негізделеді, атап айтқанда формалды жарамсыз деп тану моделінен («құқықтық салдарсыз шарт») қалпына келтіруші және теңгеруші әділеттілік, пропорционалдылық және адал мінез-құлықты басым қорғау қағидаттарына негізделген материалдық модельге көшу ұсынылады. «Құқықтық салдарсыз шарт» мәселесін еңсеруге, азаматтық айналымның тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруға, сондай-ақ азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру жөніндегі нақты ұсынымдар тұжырымдалған.
