Аңдатпа
Бұл мақалада Еуропа мен Қытай елдерінде суды үнемдеу технологияларын қолданудың салыстырмалы талдауы жүргізіледі. Су ресурстарының тапшылығы, климаттың өзгеруі және су тұтынудың артуы жағдайында суды тиімді пайдалану мәселесі жаһандық деңгейде өзекті болып отыр. Зерттеудің негізгі мақсаты - Еуропа мен Қытайдағы су үнемдеу технологияларының ерекшеліктерін, оларды енгізу тәсілдерін және тиімділігін салыстыра отырып бағалау. Жұмыста ғылыми әдебиеттерді талдау, салыстырмалы әдіс және статистикалық деректерді жалпылау әдістері қолданылды. Зерттеу барысында Еуропада суды үнемдеу саясаты экологиялық тұрақтылық пен нормативтік-құқықтық реттеуге негізделетіні, ал Қытайда бұл үдеріс орталықтандырылған мемлекеттік басқару мен ауқымды инфрақұрылымдық жобалар арқылы жүзеге асырылатыны анықталды. Салыстырмалы талдау нәтижелері екі өңірдің тәжірибесін ұштастыра қолдану су ресурстарын басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Алынған нәтижелер су тапшылығы жағдайында су ресурстарын тиімді басқару саясатын жетілдіру үшін ғылыми және практикалық маңызға ие.
