Аңдатпа
Бұл мақалада смарт контракттардың азаматтық құқықтық қатынастардағы рөлі мен оларды қолданудың құқықтық реттелу мәселелері қарастырылады. Смарт контракт – блокчейн технологиясына негізделген, тараптар арасындағы келісімдерді автоматтандыратын инновациялық құрал. Зерттеу барысында смарт келісім-шарттардың артықшылықтары, соның ішінде орталықсыздандыру, сенімділік және ашықтық, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында толыққанды құқықтық танылуының шектеулері талқыланды. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе және Қазақстандағы смарт контракттарды қолданудың әлеуеті қарастырылып, оларды құқықтық жүйеге интеграциялауға байланысты ұсыныстар берілді. Смарт контрактды құқықтық негізде тану үшін ұлттық заңнамаға толықтырулар енгізу, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен басқа да заңнамалық актілерді бейімдеу қажеттігі аталып өтті. Бұл зерттеу смарт контракттардың азаматтық-құқықтық қатынастарда кеңінен қолданылуына ықпал ету үшін құқықтық, экономикалық және технологиялық өзгерістердің үйлесімін талап ететінін көрсетеді.
